Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі

Қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі – жарнама мен көрнекі ақпараттар. «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» – делінген «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабында. Ал осы мемлекеттік тілде жасалған жарнама мен көрнекі ақпаратта тіл заңдылығы сақталған ба? Ағымдағы жылдың наурыз айында ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан «Лотос», «Принцесса», «Гүл-гүл-ай», «Golden Stars», «Felice» сияқты сұлулық салондарға рейдтер жүргізілді. Барлық аталмыш салондардың маңдайшалары екі /мемлекеттік, орыс/ тілде болғанымен, қызмет көрсету тізімдерінің барлығы бірыңғай орыс тілде. Ескерту жасалынып, түзетуге арнайы уақыт берілді.
«Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға міндетті» – делінген аталмыш Заңының 4 бабында. Сондықтан, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықты сақтап, ана тілімізден қателік жібермегеніміз жөн. Сонда ғана, мемлекеттік тіліміздің беделі жоғары сатыға көтеріледі. Қателіктер кетпеуіне ат салысайық.