Мемлекеттік орган туралы ереже

Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы
«22» ақпандағы №79 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН
«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы»
мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі (әрі қарай – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес әзірленді және «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай – Басқарма) мәртебесін және өкілеттігін айқындайды.
2. Басқарма мемлекеттік тіл саясатын іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
3. Басқарманың филиалдары мен өкілдіктері жоқ.
4. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
5. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаменті» мемлекеттік мекемесінде шоттары болады.
6. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
7. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде қатынасуына құқығы бар.
8. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
9. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
10. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 030020, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, Астана ауданы, Тургенев көшесі, 86 үй.
11. Мемлекеттік органның толық атауы – «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
12. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
13. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
14. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
15. Миссиясы:
Мемлекеттік және басқа да тілдерді қарқынды дамытуға бағытталған мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыру болып табылады.
16. Басқарманың құзыреті:
1) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады;
3) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;
4) облыстық ономастика комиссиясының, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ономастика комиссияларының қызметiн қамтамасыз етедi;
5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17. Басқарма қолданыстағы заңнамада белгіленген құзыретін жүзеге асыру үшін келесі функцияларды атқарады:
1) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының сақталуына профилактикалық бақылаудың жартыжылдық кестесін әзірлеп, атқарушы органға бекітуге ұсынады;
2) мемлекеттiк тiлдiң беделін арттыруға бағытталған конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, акциялар, жобалар, кездесулер ұйымдастырады және өткізеді, өзге де шаралар кешенiн жүзеге асырады;
3) Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес шараларды жүзеге асырады;
4) Облыс тұрғындарына тілдерді оқытуды ұйымдастырады, этнос өкілдеріне ана тілдерін үйренуіне жағдай жасайды;
5) облыс тұрғындарының тілдерді меңгеру деңгейін бағалау бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;
6) тіл саясатын іске асыру бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады және жүзеге асырады;
7) үштілділікті ілгерілету бағытындағы жұмыстарды үйлестіреді;
8) Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы облыстық ономастика комиссиясының қызметiн үйлестіреді, ономастика саласын ғылыми қамтамасыз етеді;
9) Мерзімді баспа материалдарын (журнал, бюллетень, альбом, сараптама, жинақтар, т.т.) шығарады;
10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де функцияларды жүзеге асырады.
18. Құқықтары мен міндеттері:
Басқарма өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік тілді насихаттауға және дамытуға бағытталған мәдени-көпшілік іс-шараларды дайындау және өткізу, сондай-ақ осы мәселе бойынша басқа мемлекеттік мекемелермен өзара іс-қимыл жасауға;
2) тұрғындардың хаттары мен өтініштерін белгіленген тәртіппен қарауға;
3) мемлекеттік органдар мен мекемелерден, ведомстволардан, кәсіпорындардан және лауазымды тұлғалардан өз құзыреті шегінде ақпаратты және материалдарды алуға және сұратуға;
4) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру, мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізуе құқығы бар.
Басқарманың міндеттері:
1) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарын сақтайды;
2) өз құзыреті шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндеттерді жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
19. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басқарма басшысы жүзеге асырады.
20. Басқарманың бірінші басшысын Ақтөбе облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттілігі:
1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, жүктелген қызметтер мен міндеттерді орындауға дербес жауап береді;
2) құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
3) бөлім басшыларын және бас мамандарды, мемлекеттік қызметші емес жұмысшыларды тағайындайды және босатады;
4) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағыныстағы ұйым басшысын тағайындайды;
6) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Басқарманың барлық қызметшілерінің орындауы міндетті болып табылатын нұсқаулар береді;
7) Басқарманы мемлекеттік органдарда және басқа мекемелер мен ұйымдарда, сонымен қатар Қазақстан Республикасының барлық соттарында Басқарма атынан әрекет етеді;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар алады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға дербес жауапты болады;
9) тілдерді дамытуға белсене қатысқан тұлғаларға алғыс хаттарды беру жөнінде мәселелерді шешеді;
10) өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдайды.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады. 24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
25. Басқарманың мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өкілетті органы «Ақтөбе облысының қаржы басқармасы» болып табылады.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.