Көше мерекесі аталып өтті

Ағымдағы жылдың жетінші қазанында «Туған жерім - нұрлы елім!» акциясы аясында Ақтөбеде Алға ауданының күндері болып бекітілуіне орай Есет батыр көшесіндегі «Мәңгілік алау» маңында «Ел қорғаған ер Есет» атты көше мерекесі ұйымдастырылды. Тұрғындардың отансүйгіштік сезімін арттырып, өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелейтін осындай қоғамдық маңызы бар шараларға Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы да өз үлесін қосып келеді. Аталмыш мерекенің Есет батырдың 350 жылдығына тұспа тұс келуіне орай шара барысында Есет батырдың өмірі туралы қысқа, нұсқа мәлімет беретін көрнекі буклеттер дайындалып, көше тұрғындарына үлестірілді. Есет батырдың атын білгенімен, оның ерлік істерін, жауынгерлік шеберлігінен бұрын соңды хабарсыз болып келген кейбір тұрғындар буклеттен, көше мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылған көрмелерден жаңа ақпараттар алып, батыр атындағы көшеде тұрып жатқандықтарына қуанышты екендіктерін жеткізді.