«Қате жарнамаға жол жоқ!» акциясы

Қазақстан Республикасы халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында 18-22 қыркүйек аралығында Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыс жастарының арасында «Қате жарнамаға жол жоқ!» атты акция өткізуде. Акцияның мақсаты – мемлекеттік тілдегі жарнамалардың сауатты жазылуын қадағалау, көрнекі ақпаратта кездесетін қателерді анықтау, тілдік қателер кездескен жағдайда оларға әдістемелік көмек беру, азаматтардың тіл саясаты туралы ақпараттану деңгейін көтеру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қолданыс өрісін кеңейту, жастардың бойында ұлттық рух пен ұлттық мүддені, қазақстандық патриотизм сезімдерін қалыптастыру. Акция барысында мынадай іс-шаралар жоспарланып отыр :
· 15-18 қыркүйек - Ақтөбе қаласындағы жарнамалардың сауаттылығын зерттеу жұмыстары;
· 18 қыркүйек - қоғамдық көліктерде (қала бойынша автобустар), ірі супермаркеттерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында А4 форматта түрлі-түсті үнпарақ тарату;
· 22 қыркүйек – ірі сауда орталығында қате жарнамалар бейнеленген фотосуреттер көрмесін өткізу.
Қазақстан халқы тілдері күніне орай «НұрОтан» партиясы Ақтөбе филиалы алдында өтетін салтанатты шараға қатысушы қала тұрғындары мен қонақтары арасында тіл туралы заңнама және де қазақ тілінің қазіргі замандағы орны жайлы зияткерлік викторина өткізіледі. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталатын болады.
Акция соңында нәтижелері сарапталып, БАҚ және әлеуметтік желілерде нәтижесі жарияланатын болады.