"Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме" бюллетені

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МҚКК қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру және Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат беру мақсатында 3 айда 1 рет шығарылатын «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық – әдістемелік бюллетенін шығаруда. Бюллетень тілдерді оқытуда барлық ұстаздардың шығармашылық жолында ізденіс пен тәжірибе алмасуға таптырмас ақпараттық-әдістемелік құрал болып табылады.
Сіздерді Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат беру, педагогикалық іс – тәжірибелерді тарату, әріптестік ой бөлісу мақсатында төмендегідей айдарларға материал ұсынуға шақырамыз.
1. Мемлекеттік тіл – менің мақтанышым: профессор-ғалымдардың, тіл оқытушылары (қазақ, орыс, ағылшын тілдері), балабақша тәрбиешілері, жеке тұлғалардың және тілжанашырларының еліміздегі тілдерді оқыту мәселесі, үштұғырлы тіл саясаты, Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы, этносаралық ынтымақтастық, татулық тақырыбындағы мақалалары, эссе, баяндамалары беріледі.
2. Әдістемелік портфель: мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін, педагогикалық шеберлігін жетілдіруге ықпал ету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында әдістемелік мақалалар, баяндамалар және т.б. беріледі.
3. Педагогикалық практикум: тіл оқытушылары (қазақ, орыс, ағылшын тілдері), балабақша тәрбиешілері, әдіскерлердің іс-тәжірибесіндегі озық сабақ әзірлемелері, жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған тәрбиелік, танымдық, мәдени іс-шаралар сценарийлері және қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқытудың салалық сабақ әзірлемелері беріледі.
4. Шығармашылық шеберханасы: филология, шетел тілі факультеті студенттерінің, мектеп оқушыларының, балабақша тәрбиеленушілері үшін арнайы жарияланған журналдың шығармашылық бәйгесіне байланысты материалдар жинақталады. Шығармашылық жұмыстар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) қабылданады.
Шығармашылық бәйгенің мақсаты: еліміздің болашағы – білімді, сауатты, патриоттық сезімі биік жастарды қолдау, шығармашылық талпыныстарына серпін беру, ғылыми ізденістерін насихаттау.
Шығармашылық бәйгенің бағыттары:
- «Жас зерттеуші» бағыты бойынша ЖОО-ның және колледждердің филология, шетел тілі факультеті студенттерінің «Еліміздің болашағы – білімді жастар», «Үштұғырлы тіл саясаты», «Мәңгілік Ел жалпы ұлттық идеясы», «Этносаралық ынтымақтастық пен татулық», «Өлкетану мәселелері» тақырыптарын қамтыған шығармашылық ізденістері, ғылыми зерттеу бағытындағы мақалалары мен баяндамалары қабылданады.
- «Қазақстан – Ұлы Дала елі» бағыты бойынша мектеп оқушыларының тәуелсіз Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, мәңгілік тілі – қазақ тілі туралы толғаныстан құралған эссесі қабылданады.
- «Таң нұры» бағыты бойынша балабақша тәрбиеленушілерінің еркін тақырыпта (2 өлең), тәуелсіз Қазақстан, мәңгілік тіл – қазақ тілі және т.б. патриоттық тақырыптарды қамтыған (1 өлең) өлеңдері қабылданады.
5. Тіл – татулық тірегі: Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат және тілдердің оқытылуы, этносаралық татулықты насихаттау мақсатында мақала, баяндамалар беріледі.
Ақпараттық – әдістемелік журналға ұсынылған материалдар келесі талаптарға сай болуы керек:
Мақала немесе сабақтың әдістемелік әзірлемесі, эссе, баяндама, өлеңдердің (барлығы 3 өлең) көлемі 2 беттен көп болмауы керек. Беттің жоғарғы және төменгі жағынан 2 см., сол жағынан 2 см., оң жағынан 2 см қалдыру керек. Жазу шрифті KZ Times New Roman, Times New Roman, кегль 12, жоларалық ашықтық 1 пт. 2 интервалдан кейін автордың аты-жөні; бос интервалдан кейін мекеменің аты, қаласы, ауданы көрсетіледі. Мақаланың негізгі мәтіні 2 интервалдан кейін басылады. Мәтіннің соңында 1 интервалдан кейін пайдаланылған әдебиеттер тізімі (алфавиттік жүйеде) беріледі. Мәтіндегі сілтемелер тік жақшада [1:23-25] рәсімделеді. Файлдық құжаттың атауы автордың фамилиясымен аталуы қажет. Кесте, иллюстрациялық сызбаларды беруде Microsoft Office бағдарламасын қолдану қажет.
Барлық материалдар Ақтөбе қаласы, ағ.Жұбановтар, 257/«Б», СтарТайм ғимараты, 3 – қабат, Тілдерді оқыту орталығында қабылданады. Тел./Факс: 8 (7132) 95-41-90. Журналда жеке тұлғалар үшін материалдар жарнасы - 3000 теңге, студенттер мен мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері үшін материалдар жарнасы - 1000 теңге.
Электронды мекенжай: ortaluktil@mail.ru. Материал мәтіні баспа түрінде тапсырылуы тиіс.