Азаматтарды қабылдау тәртібі

1-қосымша
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 2011 жылғы 16 қарашадағы № 109 Бұйрығы.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу Ережесі 2003 жылғы 22 желтоқсандағы "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес 2007 жылғы 12 қаңтардағы "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген және мынадай тәртіпті реттейді:
өз құзыреттеріне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға құқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, мемлекет 100% қатысатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі – субъектілер) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу тәртібін;
мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне (бұдан әрі – Комитет) және оның аумақтық органдарына жеке және заңды тұлғалардың өтініштері жөніндегі есепке алу мәліметтерін ұсынуы.
2. Өтініштерді есепке алу тәртібі
2. Жеке және заңды тұлғаның өтініші (жазбаша, ауызша, жеке қабылдаудағы, электрондық түрдегі) субъектінің ведомстволық автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде есепке алынады (бұдан әрі – ААЖ).
ААЖ болмаған жағдайда өтініш Жеке (заңды) тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында тіркеледі (осы Ереженің 1-қосымшасы) және өтініштерді есепке алу карточкасының қағаз нұсқасы толтырылады, ол өтініш бойынша есепке алу мәліметтерін ААЖ-ға енгізу үшін субъектінің жоғары тұрған органына жіберіледі.
Өтініштерді есепке алу олар субъектіге келіп түскен күні электрондық есепке алу нысанында – жеке (заңды) тұлғаның өтініштерін есепке алу карточкасында (бұдан әрі - өтінішті есепке алу карточкасы, осы Ереженің 2-қосымшасы) немесе өтініштерді есепке алу карточкасының есепке алу мәліметтерінің тізімін қамтитын ведомстволық ақпараттық есепке алу нысанында тиісті жолдарды толтыру және олардың мәліметтерін мемлекеттік құқықтық статистикалық есептілікте көрсету арқылы жүргізіледі.
Өтініштің тіркеу нөмірі автоматтық түрде кезек тәртібінде қойылып, аббревиатурадан, өтінішке қол қойған тұлғаның тегіндегі бірінші әріптен және реттік нөмірден тұрады.
Жеке тұлға өтінішінің тіркеу нөмірі «ЖТ» әріптік индексінен, автор тегінің бірінші әрпінен және өтінішті есепке алу карточкасындағы реттік нөмірден тұрады.
Заңды тұлға өтінішінің тіркеу нөмірі «ЗТ» әріптік индексінен, өтінішке қол қойған лауазымды тұлға тегінің алғашқы әрпінен және өтінішті есепке алу карточкасындағы реттік нөмірден тұрады.
Жасырын өтініштің тіркеу нөмірі «АНМ» әріптік индексінен және өтінішті есепке алу карточкасындағы реттік нөмірден тұрады.
Ұжымдық өтініштің тіркеу нөмірі «Ұ/Қ» әріптік ндексінен және өтінішті есепке алу карточкасындағы реттік нөмірден тұрады.
Қайталап өтініш беруді және өтініштің көшірмесін тіркеген кезде тіркеу нөмірінде оның қайталану белгісі көрсетіле отырып (1, 2, 3), бірінші өтініштің нөмірі көрсетіледі.
Өтініштің көшірмесі – мәтіні мен заңды күші түпнұсқамен бірдей өтініштің данасы.
Өтінішті есепке алу алдында ААЖ бойынша тексеру жүргізіледі және өтініш қайталанды ма немесе алдыңғы өтініштің көшірмесі емес пе екендігі анықталады.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келіп түскен өтініштер есепке алуға жатпайды.
3. Өтініштерді тіркеу және есепке алу осы Ереженің 2-тармағына сәйкес қабылдау күні жүзеге асырылады.
4. Субъектіге тікелей жазбаша жүгінген жеке тұлғаға (өкілге) немесе заңды тұлғаның өкіліне (бұдан әрі – өтініш беруші) бірегей нөмір көрсетіле отырып, осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес нысандағы талон беріледі.
Талонның бірегей нөмірінде алғашқы жұппен өтінішті тіркеген жыл белгіленеді, екінші жұппен облыс коды белгіленеді (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар), үшінші жұппен - аудан коды (облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қала), төртінші жұппен – ауылдық округ коды, бесінші жұппен – ведомства коды, алтыншы жұппен – талонның реттік нөмірі.
Мысалы, Астана қаласының Алматы ауданы бойынша әкімдігінің білім беру бөліміне келіп түскен өтініштің бірегей нөмірі мынадай болады: 127111000142200015. Бұл жағдайда, 12 - өтінішті тіркеген жыл, 71 - Астана қаласының коды, 11 – Астана қаласының Алматы ауданының коды, 00 – ауылдық округ коды, 01422 – орган коды, 00015 – талонның реттік нөмірі.
Орган коды субъектілердің анықтамалығынан «Тұлғалардың өтініштерін бірыңғай есепке алу» (бұдан әрі - ТӨБЕ) автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен пайдаланылады.
Талон екі бөліктен тұрады: өтінішті тіркеген субъектіде қалатын талонның түбіртегі және де арызданушыға берілетін жыртылмалы талон. Талондар түбіртектерінің түпнұсқалары ведомстволық бұйрықтармен анықталатын қатаң есептік құжат болып табылады.
Талонның бірінші бөлігі ерекше нөмірді, тегін, атын, әкесінің атын немесе арызданушының атауын, қолын, лауазымын, арызды қабылдаған субъект қызметкерінің аты-жөні мен оның қабылдау күнін, уақытын және талонды алушының қолын сақтайды.
Талонның екінші бөлігінде (жыртылмалы талон) бірегей нөмір, арызданушың тегі, аты, әкесінің аты немесе атауы, қызметкердің аты-жөні, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен бекітілген мерзімдері ішінде өтініш бойынша шешім қабылданатындығы туралы түсіндірмемен қоса, өтінішті қабылдаған субъектінің мекенжайы және қызметтік телефоны, күні және талонды берген субъект қызметкерінің қолы көрсетіледі.
Жыртылмалы талонның теріс жағында Интернет-ресурстың мекенжайы:http://service.pravstat.kz, телефон нөмірлері: 1012 (SMS-сервис), 8 800-080-7777 (стационардан), 1414 (ұялыдан) көрсетілген, осылар арқылы өтініш беруші өтінішті қарау сатысы туралы тиісті ақпаратты барлық байланыс операторлары бойынша құны 15 теңге тұратын SMS-хабарламалардан басқаларында тегін ала алады.
2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7 бабы 6-тармағына сәйкес басқа мемлекеттік органға өтінішті жолдаған кезде ілеспе хатта осы өтініш бойынша бірегей нөмір көрсетіледі, ол өз кезегінде өтінішті қабылдайтын мемлекеттік органның өтініштерді есепке алу карточкасында көрсетіледі. Бірегей нөмір бір рет, өтінішті бастапқы тіркеген кезде беріледі.
Бірегей нөмірі бар талондарды беруді:
1) ең жоғарғы өкілдік орган, орталық атқарушы мемлекеттік органдар және олардың ведомстволары, сондай-ақ басқа да орталық мемлекеттік органдар 2012 жылдың 1 шілдесінен;
2) облыстардың және Астана, Алматы қалаларының әкімдері аппараттары 2013 жылдың 1 сәуірінен;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері аппараттары, сондай-ақ облыс мәслихаттары, жергілікті атқарушы органдардың және мемлекеттік органдардың аумақтық органдары 2014 жылдың 1 қаңтарынан;
4) аудандық өкілдік және атқарушы органдар 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізеді.
5. Өтініште бірнеше мәселе қойылған жағдайда, олардың ішінде субъектінің, лауазымды тұлғаның қарау құзіретіне кірмейтін мәселелер болса, олар бұл өтінішті тіркейді және өз өкілеттіліктеріне сәйкес Заңның 8-бабында белгіленген мерзімде шешеді.
Сонымен бірге, шешуі оның құзіретіне кірмейтін өзге де мәселелерді қарау үшін, өтініш берушіге міндетті түрде хабарлай отырып, Заңның 7-бабы 6-тармағына сәйкес құзіреттілігі бойынша субъектіге, лауазымды тұлғаға жолданады.
Бұл өтініш қаралған және басқа органға қайта жолданған ретінде ескеріледі.
Өтініш берушіге жауап жоғары тұрған орган басшысының қолы қойылып берілетін жоғары тұрған органнан төменгіге келіп түскен өтініш төменгі тұрған органда есепке алуға жатпайды.
6. Осы Ережеге сәйкес есепке:
1) субъектіге Қазақстан Республикасы Парламентінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттың депутатымен (бұдан әрі – депутат) немесе басқа да субъектімен қарау үшін қайта жолдаған жеке және заңды тұлғаның өтініші;
2) депутаттық сұрау түрінде ресімделмеген депутаттардың өтініштері алынады.
7. Өтініштің қаралу мерзімі оның субъектіге келіп түскен кезінен бастап есептеледі.
8. Субъектінің лауазымды тұлғасы өтініштің уақтылы, толық, айқын тіркелуін, жеке (заңды) тұлғаның өтініштері туралы есепке алу мәліметтерінің айқындылығын, толықтығын және Комитетке және оның аумақтық органдарына уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.
3. Субъектілердің жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы есепке алу мәліметтерін электрондық форматта ұсыну тәртібі
9. Мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік басқару органдары, лауазымды тұлғалар Комитетке және оның аумақтық органына ағымдағы айда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы, сондай-ақ бұрын тіркеліп, ағымдағы айда шешім қабылданған өтініштер бойынша есепке алу мәліметтерін ай сайын, келесі айдың бірінші жұмыс күнінде сағат 24-ке дейін өтініштерді тіркеу жөніндегі субъектінің ведомстволық ақпараттық жүйеден электрондық форматта ұсынады.
"Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі" (бұдан әрі – ЭҚАБЖ) ақпараттық жүйесін пайдаланушы субъектілер жеке (заңды) тұлғалардың өтініштері туралы есепке алу мәліметтерін Комитетке немесе оның аумақтық органдарына мәліметтерді ЭҚАБЖ-дан ЭҚАБЖ форматында сыртқа жүктеу арқылы ұсынады.
Есептік кезеңде тіркелген өтініштер болмаған жағдайда, субъект Комитетке немесе оның аумақтық органдарына тиісті хат жолдайды.
10. Есепке алу мәліметтерін:
1) аудандық субъектілер облыстық субъектілерге;
2) облыстық және аймақаралық субъектілер Комитеттің аумақтық органдарына бағынысты субъектілерді, аймақаралық департаменттер филиалдарының мәліметтерін есепке ала отырып;
3) қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары аудандық әкімдіктерге;
4) аудандық әкімдіктер (облыстық маңызы бар қалалар), қаладағы республикалық маңызы бар аудан әкімдерінің аппараты (астаналар) Комитеттің аумақтық органдарына;
5) облыстық әкімдіктердің басқармалары және аппараттары (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) Комитеттің аумақтық органдарына;
6) Республикалық мемлекеттік органдар, министрліктердің комитеттері Комитетке ұсынады.
11. Субъектілерден келіп түскен жиынтық мәліметтер негізінде Комитет жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы орталықтандырылған деректер банкін жүргізеді.
4. Өтінішті есепке алу карточкасын толтыру тәртібі
12. Өтінішті есепке алу карточкасында келесі есепке алу мәліметтері көрсетілуі тиіс:
1-деректемеде: өтінішті тіркеген субъектінің, лауазымды тұлғаның коды мен атауы (толтырылуы міндетті);
2-деректемеде: жүгінген жеке тұлғаның тегі. Ұжымдық өтініш берілген кезде аталған деректемеде бірінші қол қойған адамның тегі көрсетіледі (толтырылуы міндетті);
3-деректемеде: жүгінген жеке тұлғаның аты немесе оның бірінші әрпі (толтырылуы міндетті);
4-деректемеде: жеке немесе заңды тұлғаның почталық мекенжайы (толтырылуы міндетті), ұжымдық өтініш берілген кезде жауап жіберілуі тиіс мекенжай көрсетілмеген болса, онда бірінші қол қойған адамның мекенжайы көрсетіледі;
5-деректемеде: жүгінген заңды тұлғаның атауы (толтырылуы міндетті);
6-деректемеде: жүгінген тұлғаның мәртебесі, егер өтініште ол жөнінде мәліметтер бар болса (мәртебесінің коды осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес көрсетіледі) (міндетті емес, көрсетілсе ғана толтырылады);
7-деректемеде: осы Ереженің 4-тармағының екінші бөлігіндегі талаптарға сәйкес толтырылатын және талонда көрсетілген нөмірге сәйкес келуі тиіс бірегей нөмір (толтырылуы міндетті емес);
8-деректемеде: тіркеу нөмірі және өтінішті тіркеу күні (толтырылуы міндетті);
9-деректемеде: шығыс нөмірі, заңды тұлғаның өтініші жіберілген күн (міндетті емес, көрсетілсе ғана толтырылады);
10-деректемеде: өтініш нысанының коды: (1) – қағаз жүзінде, (2) – электрондық, (3) – жеке қабылдаудағы (толтырылуы міндетті);
11-деректемеде: өтініштің қайталану себебі: (толтырылуы міндетті емес) (қайталану себебі осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес көрсетіледі);
12-деректемеде: өтініштің қайталануының немесе көшірме болып табылатындығының белгісі, өтініштің қайталануының немесе көшірмелерінің санын білдіретін сан қойылады.
Мысалы, «4» негізгі өтініш бойынша төртінші көшірме келіп түскендігін білдіреді (міндетті емес, өтініш қайталанған немесе көшірмесі келіп түскен жағдайда толтырылады);
13-деректемеде: өтініш түрінің коды осы Ереженің 6-қосымшасына сәйкес көрсетіледі. Өтініштің түрін нақты көрсетуді қамтамасыз ету үшін өтініштің мазмұнына назар аудару керек (толтырылуы міндетті);
14-деректемеде: өтініш тілінің коды: (1) – мемлекеттік, (2) – ресми, (3) – өзге (толтырылуы міндетті);
15-деректемеде: іс-әрекеттері шағымдалып отырған органның атауы. Аталған деректеме ТӨБЕ субъектілерінің анықтамалығынан толтырылады. Өтініште қандай да бір мемлекеттік органның іс-әрекеттеріне шағымдану аталмаған жағдайда (0000000000000000) коды қойылады (толтырылуы міндетті);
16-деректемеде: іс-әрекеттері шағымдалып отырған лауазымды тұлғаның тегі, аты-жөнінің бірінші әріптері (міндетті емес, көрсетілсе ғана толтырылады);
17-деректемеде: өтініштегі мәселенің сипаты (өтініштердегі мәселелердің коды ЭҚАБЖ-да пайдаланылатын мәселелер сипаттарының анықтамалығына сәйкес көрсетіледі. Прокуратура органдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесінің мәселелер сипаттарының анықтамалығына сәйкес кодты көрсетеді. Әркелкі сипаттағы бірнеше мәселені қозғайтын өтініштер бойынша оларға сәйкес келетін кодтар үтір арқылы көрсетіледі (толтырылуы міндетті);
18-деректемеде: өтінішті жолдаған субъектінің, лауазымды тұлғаның атауы. Деректеме жеке немесе заңды тұлғаның өтініші өзге мемлекеттік органнан құзыреті немесе аумақтылығы бойынша қайта жолданған жағдайда ғана толтырылады (өтінішті жолдаған субъектінің коды, мемлекеттік органдардың анықтамалығынан көрсетіледі немесе болмаған жағдайда қолдан теріледі) (толтырылуы міндетті емес);
19-деректемеде: өтініш жоғары тұрған органнан келіп түскенде «иә», егер өтініш жоғары тұрған органнан келіп түспесе – «жоқ» белгіленеді (толтырылуы міндетті);
20-деректемеде: өтініштің қысқаша мазмұны (толтырылуы міндетті);
21-деректемеде: өтінішті соңғы орындау мерзімінің күні (толтырылуы міндетті);
22-деректемеде: өтініш бойынша орындаушы болып табылатын субъектінің қызметкерінің Т.А.Ә. және оның телефонының нөмірі (толтырылуы міндетті);
23-деректемеде: өтінішті өзге субъектіге орындау үшін жолдау коды: (1) – төмен тұрған органға, (2) – жоғары тұрған органға, (3) - ведомстволық бағынысы бойынша, (4) – өзге елдердің мемлекеттік органдарына, (5) – сұрау жолданды (өтінішті қарау барысында сұрау жолданған жағдайда толтырылады) (толтырылуы міндетті емес);
23.1-деректемеде: «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өтініш келіп түскен мемлекеттік органның коды және атауы көрсетіледі;
23.2-деректемеде: ӨАЕК-те тіркелген өтінішті тіркеу № көрсетіледі (құқық қорғау және арнайы органдарға ғана);
23.3-деректемеде: ӨАЕК-те тіркелген өтінішті тіркеу күні көрсетіледі (құқық қорғау және арнайы органдарға ғана);
24-деректемеде: өтініш бойынша қабылданған шешім (өтініш бойынша шешімнің коды осы Ереженің 7-қосымшасына сәйкес көрсетіледі) (толтырылуы міндетті);
25-деректемеде: өтінішті қарау барысында өзге органға сұрау жолдау (Заңның 9-бабының2-тармағы) (өтінішті қарау барысында өзге органға сұрау жолданған кезде толтырылады);
25.1-деректемеде: сұрауды жолдау күні;
26-деректемеде: өтінішті орындауды ұзарту мерзімі (міндетті емес, көрсетілсе ғана толтырылады);
27-деректемеде: жүгінген тұлғаға жауапты жіберу немесе өтінішті өзге органға қайта жолдау күні (толтырылуы міндетті);
28-деректемеде: жүгінген тұлғаға жауапты жіберу немесе өтінішті өзге органға қайта жолдау туралы ілеспе хаттың шығыс нөмірі (толтырылуы міндетті);
29-деректемеде: өтінішті қарау нәтижесі бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамдардың саны;
30-деректемеде: өтінішті қарау нәтижесі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдардың саны;
31-деректемеде: субъектінің ААЖ-на өтініш жөніндегі есепке алу мәліметтерін енгізген қызметкердің тегі, аты-жөнінің бірінші әріптері (бағдарламада автоматтық түрде толтырылады). Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу карточкасының қағаз нұсқасында карточканы толтырған қызметкердің тегі көрсетіледі. 1-ден 20-ға дейінгі деректемелер өтінішті тіркеген кезде толтырылады, 21 және 22-деректемелер басшылық қарағаннан кейін толтырылады, 23-тен 31-ге дейінгі деректемелер орындаған кезде (өтінішті бақылауға алған жағдайда) немесе орындағаннан кейін толтырылады.
5. Өтініштер туралы есепке алу мәліметтерін түзету
13. Комитетке немесе оның аумақтық органдарына өтініштер туралы есепке алу құжаттарын жолдағаннан кейін онда қате табылған жағдайда субъект ААЖ-нде көрсетілген мәліметтерді түзетеді және түзетілген есепке алу мәліметтерін қате табылған Комитетке немесе оның аумақтық органдарына қате табылған сәтте жібереді.
Түзетілген мәліметтерді жібергенде субъектінің ілеспе хатында түзету енгізудің себептері түсіндіріледі.